Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
02.04.2021 БІЛІКТІ МАМАН – КОМПАНИЯ БОЛАШАҒЫ
 

«Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де талап қыл» дейді дана халық. Бауыржанның сан түрлі мамандықтың ішінен жаны қалағаны – мұнайшы кәсібі. Бүгін де жас та болса, бас бола білген  жігерлі жігіттің қадамы нық, мақсаты айқын. Бауыржан Исатаев – «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты қабат қысымын ұстау цехының білікті геологы. Жұмысқа араласқанына 13 жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта өз ортасынан дара танылып, мансабы өсті, талабы мен тәжірибесі молайды.

 

2009-2012 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік техникалық университетінде «мұнай және газ ісі» мамандығын меңгеріп, кейіннен Ақтау қаласында Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде пайдалы қазбалар кенорындарын барлау мен іздеу геологиясының магистратурасында тәлім алды.

Жас маман еңбек жолын 2008 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында, Ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехында ІІІ-ші дәрежелі оператор болып бастап, аз уақыт ішінде зертхана жетекшісі, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының  № 1, 2, 3 Мұнай-газ өндіру цех басшыларының геология жөніндегі орынбасары, геология және кенорындарды игеру департаментінде жетекші геолог секілді еңбек баспалдақтарынан өтті. Бүгінгі таңда Бауыржан Құнанбайұлы қабат қысымын ұстау цехы бастығының геология жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасайды.

– Мақсатым ерінбей еңбек етіп, компаниямыздың дамуына, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қоса алатын білімді де білікті, қазіргі заман талабына сай маман иесі болу. Ал өзім қызмет ететін цехта 104 жұмысшы еңбек етеді. Бар күш-жігерімізді жоспарды ойдағыдай орындап, өз мақсат-міндеттерімізді мүлтіксіз атқару, - дейді жас маман.

Еткен еңбек еш кетпейтіні анық қой. Төл компаниясының мұнай-газ кешенін дамытудағы атқарған абыройлы еңбегі үшін Алғысы мен Құрмет грамотасы білікті маманның бірнеше рет мерейін үстем еткені тағы бар.

Әкесі Исатаев Құнанбай ұзақ жыл құрылыс саласында жетекші инженер болып қызмет жасаса, анасы Тойкүл Исатаева 4 баласының болашағы үшін бағыт-бағдар беріп, әрбір жетістігі мен жеңісіне тілеулес болды. Бүгінде екеуі де құрметті еңбек демалысында.

–Отбасымызда менен өзге мұнайшы жоқ. Жұбайым Арайлым Серікбаева Ақтау қаласындағы «Сенім» емханасында дәрігер. Жұмыстан шаршап келгенде құшағыңа кеп құлай кететін үш қызыммен сән-салтанатым жарасып –ақ тұр- дейді ол.

Қанша жерден мансабы өсіп, мерейі тасыса да «қарапайымдылықтан асқан қасиет жоқ» деп сөзін қысқа қайырған Бауыржанға риза болмай көр.

 «Адамды емдейтін дәрігер болса, скважинаны «емдейтін» – геолог. Сол қызметімізді қаншама жыл абыроймен атқаруға атқарып келеміз. Геологиялық жұмыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнай қорын анықтап, өндіріс даласын зерттеу де осы мамандық иелерінің міндеті. Мереке қарсаңында «қара алтын» өндірісінде, оның ішінде барлау-геологиялық қызметтердің жолында жүрген барлық әріптестерімді құттықтаймын. Еңбектері еселене берсін», – деп тілек білдірген Бауыржанға ҚР Жер қойнауының құрметті барлаушысы, белгілі геолог, өлкемізге танымал Сағын Қырымқұлов секілді аңыз ағаларыңның жолын берсін деген тілекпен шағын әлқиссамды аяқтайын.

Қазақта «маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген жақсы сөз бар. Істің көзін, еңбектің ебін тауып, қазыналы аймақтың қара алтынын халық игілігіне жаратуда Бауыржан секілді жас мамандардың еселі еңбегі дәлел бола алады.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту