Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
12.04.2021 МІНДЕТІ МОЛ «MEDITERRA»
 

Бар байлықтың бастауы – денсаулық. Қазір озық медицина сырқаттың қандай түрі болса да анықтап бере алады. Десек те, батпандап енген кеселден арылудың өзі ақ халаттылардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Өндірісті өлкенің жылдың төрт мезігіліндегі алақұйын мінезіне төзіп, тер төгіп жүрген мұнайшыларына медициналық қызмет көрсететін «Хирургия институты» ЖШС ұжымының атқарып келе жатқан жұмыстары да атан түйеге жүк боларлықтай. Әлемді жайлаған коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бағытында атқарылған жұмыстар мен басқа да көкейкесті мәселелер жөнінде «MEDITERRA хирургия институты» ЖШС Ақтау қаласындағы филиалы директорының кеңесшісі Әзірбай Жүрсінбайұлымен өткен сұхбатты ұсынамыз.

 

-    Әзірбай Жүрсінбайұлы, сұхбатымызды бастамас бұрын өткен жылды қортындылап алсақ, әлемді дүрліктірген пандемия қойылған мақсаттарға жетуге кедергі болмады ма?

-    Әрине кедергі болды. Өйткені уақытылы жұмыс жасап тұрған емханаға карантин кезінде адамдардың еркін кіріп-шығуы екіталай еді. Пандемия жарияланғанда біз де онлайн режимге көштік. Телефонмен сөйлесу арқылы диагноз қою өте ауыр, күрделі болды. Бірақ жыл қортындысы бойынша негізгі жұмыстар орындалды. Қысылтаяң кезде емделушілерге көмек көрсетумен қатар жылдағы міндетті медициналық байқауларды да өткізіп үлгердік. Олардың қортындысы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ауырып қалған дәрігерлеріміз де болды, олардың жұмысы басқалардың иығына жүк болды. Дегенмен аз уақыт ішінде ес жиып, негізгі міндеттерімізді атқардық. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мен Кәсіподақ және біздің клиникамен жасалған үшжақты келісімшарт негізінде жылына 25 млн. тенгеден астам қаражат тек дәрі-дәрмекке жұмсалады. Мысалы өткен жылы 29 297 678,14 теңгеге науқастардың еміне дәрілік заттар алынды.

-    COVID-19 бәсеңсімей тұр, Қаламқас, Жетібай кенорындарында індеттің алдын алуда қандай шаралар жасалынды?

-    Бұл енді халықаралық деңгейдегі проблема ғой, сондықтан оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы араласып жатыр. Содан соң, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау Министрлігі мен Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бар, бірнеше қаулылар шығып сол қаулыға сәйкес жұмыстар жүріп жатыр. Кез-келген инфекциялық ауру кезеңіндегі мақсат - науқас адамды сау адаммен бастарын қоспай, оқшаулау. Сондықтан вахтаға кетіп бара жатырған адамдардан ПТР анализ алып, іріктеп отырдық. COVID арнайы провизорларда емделеді. Осыған орай Қаламқаста обсервациалық госпиталь ашылды. Вахта ауысар алдында анализдер тексеріліп, оң нәтиже бергендер қалаға жіберілмей сол жерде бақыланды. Екінші мәселе, қалада жүріп ауырған, аса ауыр хәлде емес науқастардың өзі емге зәру болып қалды. Емханалар жабылып, қатаң карантин орнады. Халыққа өте қиын болды. Сол кезде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы ұсынысымен ақылдаса отырып ведомствалық емдеу орыны ретінде осы жерден 20 орындық провизорлық госпиталь аштық. Науқастар қала ішінде баратын дәрігер табылмағанда осында келіп, қаралып, арнайы ашылған екі медбикелік постта қаралды. Барлық жер жабық кезде мұнайшыларымыз сандалмай осы жерден біраз көмек алды. Карантин болған кезде дәрігер мамандарымыз кезекшілікке тұрды. Рентген және лобаратория кабинеттері жұмыс жасады. Компания қызметкерлерін қала халқына қоспай белгілі уақытпен қабылдатқыздық. Әрине бұл жұмыстарды ұйымдастыру кеш қолға алынған болар, өйткені бәріміз де басында абдырап қалдық. Тәжірибеде бұрын кездеспеген жаңа қатерлі жұқпалы ауру әлем бойынша үлкен қиындықтар туғызғаны түсінікті жайт. Ешкім күтпеді ғой, бұлай боларын. Соңғы жағынан мобильді топтар ұйымдастырдық. Оң нәтиже болып үйде жатырған науқастарға телефонмен онлайн консультация беріп қоймай, дәрілерін де жеткізіп беріп жатырмыз. Ол жұмыстар қазірдің өзінде жалғасын табуда. Сондай-ақ, поликлиника құрамындағы дезин-фекциялық топтың құрамы көбейтілді. Өйткені Компанияға келетін жүктер қоймаға кетпес бұрын зарарсыздандырылып, көлік жүргізушілері де бақылауға алыну керек болды. Мұндай жұмыстар күні-түні жасалып жатты. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап бұл жұмысты тендерлдік сатып алу нәтижесінде басқа компания жасап жатыр. Олардың қандай қиындықта қызмет жасап жатқаны оны бастан өткізген бізге әбден түсінікті.

-    Мұнайшылар көбіне қандай ауруларға шағымданады, оларға айтар дәрігерлік кеңесіңіз?

-    Ауруды табудың екі түрі бар, бірінші келген науқасты қарау арқылы, екінші міндетті медициналық байқау кезінде анықталады. 2020 жылы жаңадан 181 науқас адам тіркелді, 168-і стационарға, 137-і санаторлық-курорттық емге жіберілсе, 58 адам диспансерге есепке алынды. 11 адамға ота жасалды. Диспансерлік ауру дегеніміз науқастардың бойындағы сырқаттың «қозғалысын» динамикалық байқау болып табылатындықтан оларды жылына қажетті деңгейде бір-екі рет шақырып, қажетті анализдер тапсыртып, қосымша зерттеулерден өткізіп, қортындылары бойынша ем тағайындап, денсаулығын нығайту бағытында жұмыстанамыз. Жалпы соңғы үш-төрт жылдықтағы анализ бойынша Қоғам қызметкерлерінің арасында ең бірінші орында тыныс ағзаларының ауруы, екінші орында сүйек-буын аурулары, содан кейін барып жүрек тамыр аурулары тұр. Соңғы кездері қант диабеті секілді эндокриналогиялық аурулар да көбейіп кетті. Мұндай көрсеткішті біз мұнайшылардың ыстық-суыққа қарамай далалық жағдайда, шаң топырақта жұмыс жасауымен, белгілі дәрежедегі ауыр физикалық еңбекпен және қазіргі бүкіл адамзатқа ортақ тамақтанудағы өзгерістермен байланысты деп ойлаймыз.

-    Мұнайшылар көкейіндегі маңызды сұрақтар: ауырып келген мұнайшыны қажет болған жағдайда басқа қалаға емдету жағы қарастырылған ба? Орталықта жоқ дәрігерлерге қаралу жағы қаншалықты жолға қойылған? мұнайшылардың үш тумаласына қандай деңгейде медициналық көмек көрсетіледі?

-    Келісім-шартта тумаластарға қатысты медициналық қызмет түрлері де қамтылған. Онда жанұя мүшелеріне рентгеннің барлық түрлеріне тегін түсіп, дәрігерлерден кеңес алу, кардиограмма, анализдер тапсыру қарастырылған. Дәрі-дәрмектерді өздері алады. Басқа қалаға қатысты сұрағыңызға, науқастар біздің орталыққа барып тегін амбулаториялық ем ала-алады. Біздегі жағдайдың бәрі ол жерде де жасалады. Ал жатып емделу ақылы. Оған 15% жеңілдік көрсетіледі. Орталықта жоқ дәрігерлер мәселесіне келер болсақ, емхана Ақтау қаласындағы мемлекеттік және жеке медициналық компаниялардың (Облыстық аурахана, INVITRO, ОЛИМП зертханалары, облыстық ЖИТС/СПИД орталығы, Ұлттық сараптама орталығы, облыстық онкологиялық диспансер, №1-2 қалалық емханалар, УДЗ-Доплер және т. б.) қызметтерін пайдаланады. Олардың ішінде ревматолог, нейрохирург дәрігерлерінің қызметі де бар.

-    Дәрігерлердің кәсіби деңгейіне тоқталсақ, олардың білімдерін жетілдіріп отыру қаншалықты қолға алынған?

-    Дәрігерлерді мамандандыру Қоғам карамағында болған кезге карағанда әлдеқайда жақсарды. Қызметкерлеріміз жүйелі түрде біліктілікті арттыру институт-тарында, білім беру ұйымдарында кәсіби деңгейлерін көтеріп отырады. 2020 жылы клиникамыз ҚР Денсаулық сақтау саласында қабылданған барлық талаптарға жауап беретіндігін куәландыратын аккредиттеу рәсімінен сәтті өтті. Бүгінде ұжым тұрғындар арасында емдік-профилактикалық жұмыстарды жүргізу мен медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстарын одан әрі жалғас-тыруда және болашақтағы жұмыстарын одан әрі жоспарлауда.

Қортындылай айтсақ, бәрі жақсы деуге әсте болмайды. Кемшін тұстарымыздың, жетістіре алмай жатқан жерлеріміздің бар екені анық. Науқастар тарапынан айтылатын сын да, жұмысты жақсартуды сұрайтын ұсыныстар да жеткілікті. Медицина саласының халық тарапынан әлем бойынша көп сыналатыны да сіздер үшін белгілі. Орынды талаптарға сәйкес болуға, Қоғам қызметкерлерінің денсаулығын нығайтуға қажетті жұмыстарды одан әрі жетілдіруге тырыса беретін боламыз.

-    Әзірбай Жүрсінбайұлы, уақыт бөліп, мазмұнды сұхбат бергеніңізге рахмет! Істері тыңғылықты, дәрігер атына кір жуытпай, адал еңбекпен алғыстан алқа тағынып жүрген Сіздерге әрдайым абырой биігінен көріне беріңіз дейміз!


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту