Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
05.07.2021 ЖАСЫЛ АЛАҢ ЖАМПОЗДАРЫ
 

Биыл – Маңғыстау мұнайының 60 жылдық мерейтойы. Атаулы күнге орай «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» кубогы үшін ардагерлер арасында шағын футболдан турнир өтті. Спорт жарысына өңірлерден арнайы ардагерлер командалары қатысты. Спортсүйер мұнайшылар алдымен Маңғыстауда алғаш мұнай бұрқағы атқылаған Жетібай кентіне барып, мұнайшылар аллеясына гүл шоқтарын қойды.

Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы мерейтойына арналған турнирге Маңғыстау облысынан «Қаражанбасмұнай», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ойл Транспорт Корпорейшэн», Атыраудан «Теңізшевройл», астаналық «Қазмұнайгазпроф» салалық кәсіподақ командалары келді. Ардагерлер мұнайшылар аллеясына гүл шоқтарын қойып, өткенге құрмет, тарихқа ізет көрсетті. Сондай-ақ мұнайлы өлке тарихынан сыр шерткен «Еңбек даңқы» мұражайын аралады.

– Спорт додасына түспес бұрын алдымен қасиетті Жетібай кентінде алғаш мұнай бұрқағы атқылаған жерде аға буынға тағзым жасап, басымызды иіп, құрмет еткелі келдік. Сол кісілердің арқасында, ерен еңбектерінің нәтижесінде осындай жақсы жағдайға жетіп отырмыз. Сол себептен ілгергі өткен аға-апаларға құрмет көрсету – біздің міндетіміз. Сондай-ақ мұнайшылар мұражайын да аралап көрдік. Бұл – енді біздің тарихымыз, ортақ дүние, ортақ мұра. Еліміздің, жеріміздің, осы өлкенің тарихы. Халықтың алтын қазынасы. Мұражай арқылы тарихымызды танып, бұрынғы өткен мұнайшы ардагерлерге құрмет көрсетіп, турнирді ізгі ниетпен бастасақ деп отырмыз. Негізгі мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау. Мұнайшылар арасында қалыптасқан дәстүрлі турниріміз бар. Спорт турнирі өз кезегінде біздің жұмысымыздың бір бөлігі десек болады. Футбол ең алдымен ынтымақ пен бірліктің бір белгісіне айналған. Бұл турнир – төл мерекеміздің ізгі бастауы. Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы – баршаға ортақ мереке. Тек Маңғыстау жұртшылығының ғана емес, бүкіл елдің қуанышы. Мереке құтты, турнир сәтті болғай, - деді «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев.

Мұнайшы ардагерлердің дәстүрлі турнирі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейінгі екі турнир Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Мерейлі мерекеге орайластырылған спорт сайысына өңірлерден бес команда қатысты. Атап өтер болсақ, Атыраудан «Теңізшевройл» кәсіподақ ұйымының «Жайық» командасы, Нұр-Сұлтан қаласынан Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Қазмұнайгазпроф» ардагерлері командасы, Маңғыстаудан үш команда – «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Ойл Транспорт Корпорейшэн». Қатысушы ардагерлердің жас ерекшелігі – 50 жастан жоғары.

Футбол турнирінің ашылу салтанатында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Ізмұханов мерейлі мерекемен құттықтап, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

– Құрметті қонақтар, ардагер ағалар. Бүгінгі турнир мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ұйытқы болуымен әрі атаулы дата Маңғыстау мұнайының 60 жылдық мерейтойына арналып өтіп жатыр. Осыдан 60 жыл бұрын 5 шілдеде Жетібай жерінде алғаш мұнай атқылағаннан бастап бүгінгі күнге дейін өңіріміздің өсіп-өркендеуінде үлкен серпіліс болды. Мұнай-газ саласы ел экономикасында локомтив болып келе жатқаны бәріңізге белгілі. Қомақты үлес қосып келе жатқан сала. Мұнайшыларымыз өндірісте еңбек етіп қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға белсене қатысып келеді. Соның бір айғағы ретінде еліміздің белді мұнай компаниялары ардагерлерінің футбол турнирін атай кетсек болады. Барлық командалар турнирде жақсы ойын көрсетіп, сәтті өткізулеріне тілектеспін, - деді Қалбай Әжімбайұлы.

Мерекелік шараға тұңғыш рет Қазақстан футболының әйгілі жұлдызы, «Қайрат» футбол командасының ардагері, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі, КСРО спорт шебері Сейілда Байшақов қатысып, мұнайшылардың мәртебесін көтеріп, мерейін асыра түсті.

– Қазақстан футболының ардагері ретінде спорт турниріне шақырылғаныма өте қуаныштымын. Маңғыстауға алғаш рет 1975 жылы «Қайрат» командасының ойыншысы кезімде келген едім. Ол тұста Жаңаөзенде жолдастық кездесу өткізген едік. Енді, араға ұзақ уақыт салып үлкен мерекеге орай қонақ болып келіп жатқан жайымыз бар. Осы атаулы мерекенің құрметіне өтетін турнирге бес команда қатысады. Мұнайшылардың жұмысы оңай еместігі баршаға аян. Сондықтан осындай мерекеде мұнайшы ардагерлердің бас қосуы – өте қуанышты жаңалық, - дейді ардагер футболшы.

Өндірісте аянбай еңбек еткен мұнайшы ардагерлер жасыл алаңда да белсенді ойын көрсетті. Командалардың турнирге тыңғылықты дайындықпен келгені алаңдағы аяқ алыстарынан-ақ аңғарылып жатты. Екі күнге жалғасқан жарыстан соң жеңімпаз командалар анықталды. Ала доп аламанында топ жарған «Маңғыстаумұнайгаз» командасы бірінші орын алып, «Қазмұнайгазпроф» турнир кубогына ие болды. Ал «Қаражанбасмұнай» командасы екінші орынға шықса, атыраулық «Жайық» үшінші орынды қанжығаға байлады. Сондай-ақ бірқатар ойыншыларға «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Ең ересек ойыншы», «Жеңіске деген жігері үшін» және басқа да номинациялары берілді. Қатысушы командалардың барлығына арнайы сый-сияпаттар мен грамоталар табысталды.

Жайық НАҒЫМАШ


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту