«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы №3 мұнай және газ өндіру цехының 5-дәрежелі слесары Мұратхан Елекбаевтың төл мекенде табан аудармай қызмет істегеніне 22 жыл толады. 22 жыл еңбек өтілінде компания Басқармасының алғысы мен құрметін алды, ұжым арасында абыройы өсті, білік-білімі молайды.
Мұратхан Елекбаев 1975 жылы Маңғыстау ауданы, Қызан ауылында туған. Алғашқы еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, кейіннен өңірдің өндірісін өркендетуге бар күш-жігерін жұмсады.
Әкесі Сайын Елекбаев ұзақ жыл көлік жүргізді, бүгінде Елекбаевтар әулеті атақ-абыройдан құр алақан емес. Елекбаевтардың үлкені шағын кәсіптің құлағын ұстаса, кіші інісі Жұбатқанды маңғыстаулықтардың білмейтіні некен-саяқ. Кикбоксингтен спорт шебері. Қызан ауылының қара домалақтарын әлемдік додаларға дайындап, бүгінде бапкерлік қызметін жемісті жалғастырып жүр.
Мұратханның өндірістен тыс тіршілігі де қауырт. Мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған бақуатты тұрмысы тағы бар. «Елде болса - ерінге тиеді» дегендей, ризық-несібесін өндірістен түгендеп, ел келешегінің жарқын боларына сенеді.
– Ұжымда бір ауысымда 75 адам еңбек етеді. Біздің бригадаға жүктелген 5 топтық қондырғының жұмысын қатаң қадағалап отырамыз, - дейді аға маман.
Сөз соңында Компания тарапынан мұнайшылар игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Жатақханамыз күрделі жөндеуден өтіп, кір жуу кешені жаңа заманға сай технологиямен жабдықталып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ соңғы үлгіде салынған спорт кешеніміз де бар. Сонымен қатар, біздің жұмысымызда топтық қондырғылар жаңартылды. Цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұндай жағдайда жұмыс істеу өте қолайлы, - дейді еңбек адамы.
Адал еңбекпен күн көрген қарапайым отбасының қазаны ортайып көрген емес. Адал жары Айнұр Нұрхановамен жеті бала тәрбиелеп, қызық-қуанышын елінің ортасында базарлап отырған абзал азамат. Азаматқа еліне қызмет етуден, ұрпағын ұшпаққа шығарам деп тірлік кешуден артық мұрат бар ма?! |