Қазақша                                 Русский
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жаңалықтар
10.09.2021 ТАБЫСЫ ТОЛАҒАЙ ТҰРЛАН
 

Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнде нығайып, әлем таныған абырой-беделге жетуіне Еңбек адамдарының да өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат.

 

«Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар» деген қанатты сөз құдды қарапайым еңбек майданында тер төгіп жүрген жандарға арналып айтылғандай. Еңбектің жақсы-жаманы жоқ. Сондықтан қытымыр қыс пен аптап жазда жеті қат жер қойнауынан мұнай игеріп жүрген мұнайшылардың еңбегі ерекше. Ол кісілердің қажырлы болмыстары мен мандай терін төгіп, жанын салып істейтін жұмыстары бағалауға лайық. Ризық несібесін қара алтыннан тауып отырған жандардың бірі Бисенов Тұрлан Оразұлы. Ол ширек ғасырдан астам мұнай саласында абыройлы еңбек етіп келеді.

Гурьев облысы, Теңіз ауданында 1966 жылы дүниеге келген кейіпкеріміз 1983 жылы орта мектепті бітіріп СПТУ-да білімін шыңдайды. Оқу бітірісімен әскер қатарына шақырту алған Тұрлан Беларусия Республикасының Минск қаласында екі жылдық борышын өтейді. Елге оралған жылы Маңғыстауға ат басын тіреген ол еңбек жолын «Қаражанбасмұнай» мекемесінде ұңғыларды зерттеу операторы болып бастайды. Кейін, 1995 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына жұмысын ауыстырғаны болмаса, барлық мұнайшылардай Тұрлан Оразұлының әу бастан «илегені – бір терінің пұшпағы» еді.

Өндірісте ең шыдамдылар мен төзімділер ғана тұрақтайды. Осы уақыт ішінде Тұрлан ағамыз өзінің біліктілігімен, іскерлігімен, еңбекке қабілеттілігімен, бағалана білді. Өзіне тапсырылған істі мінсіз, үлкен абыроймен атқарған оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Уақытпен санаспай атқарған тынымсыз еңбегінің арқасында  алған марапаттары да бар.

Өндірістен тапжылмай жүріп отбасын құрған отағасы екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, қазіргі таңда қыздардан жиен сүйіп отыр.

– Еңбектеніп, өз маңдай терімізбен жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Бүгінге дейін басшылардан бір жаман сөз естімеппін. Түптеп келгенде бала-шаға несібесі үшін жүрміз ғой. Мұнай саласында қызмет істеп жүргенімді өз басым мақтан тұтамын, – дейді ол күн қаққан жүзіне нұр толып.

Бүгінгі таңда еңбек жолы жастарға үлгі боларлық Тұрлан Оразұлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұстас келген Маңғыстау мұнайының 60 жылдығына өзінің 55 жасын қоса тойламақшы. Біз де өз тарапымыздан әріптесімізге зор денсаулық, қажымас қайрат пен жасымас жігер тіледік.


«« | »» « Кері | Барлық жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
АО “МАНГИСТАУМУНАЙГАЗ” 2014
All Rights Reserved
БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ
facebook instagram youtube
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Басқармасының блогы

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры

Блогқа өту